Описание слайда:
Экономикасы
Франция — жоғары дамыған индустриялы-аграрлы ел. Өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі бойынша дүние жүзінде 4-орын (АҚШ, Жапония, Германиядан кейін), Еуропада Германиядан кейін 2-орын алады. Ұлттық табысты жан басына шаққандағы жылдық мөлшелері 24990 АҚШ долларына тең (2003 ж). Франция автомобильдер шығару жөнінде дүние жүзінде 3-орын, авиациялық және ғарыштық техника өндірісі бойынша Еуропада 1-орын алады. Сондай-ақ экспортқа көп мөлшерде қару-жарақ, АЭС-тер үшін құрал-жабдықтар, химикаттар, маталар мен киім-кешек шығарады. Француз өнеркәсібінің жетекші салаларына автомобиль жасау, химия мен мұнай химиясы, ұшақ жасау (аэробустар мен әскери ұшақтар), электроника, металлургия, темір жолы техникасын шығару жатады. Парфюмерия — косметикалық сала мен жоғары талғамды сәнді киімдер шығаруда Франция дүние жүзінде бірінші орынды иеленеді. Жылына шамамен 3,5 млн. автомобиль шығарса, оның жартысына жуығы экспортқа жіберіледі. Автомобильдердің 90%-дан астамын “Рено” мен “Пежо-Ситроен” компаниялары шығарады. Кеме және станок жасау, ауыл шаруашылық машиналары өндірісі де жақсы дамыған. Химия өнеркәсібі минералды тыңайтқыштар, синтетикалық каучук пен пластмасса, парфюмерия, дәрі-дәрмектер жасауға маманданған. Ірі мұнай, химиялық кәсіпорындары көп. Химия өнеркәсібі биотехникалық және гендік инженериямен тығыз байланысты. Тоқыма өнеркәсібі өзінің бұрынғы маңызынан айрылса да, Франция киім-кешек пен маталар шығарудан Еуропада алдыңғы орындардың бірін иеленеді (мақта-мата, жібек, синтетикалық, жүн, кендір, зығыр маталары өндіріледі). Француз кәсіпорындары шығарған ірімшік, шараптар, кондитерлік бұйымдар дүние жүзіне танымал. Өнеркәсіп өнімдерінің 1/5-іне жуығы Париж бен оның айналасында, сондай мөлшері Лион мен солтүстік аудандарда өндіріледі. Ауыл шаруашылық өнімдерін өндірудің көлемі бойынша Франция дүние жүзінде АҚШ пен Канададан кейін 3-орынды иеленеді. Ол ауыл шаруашылық өнімдерімен өзін-өзі толық қамтамасыз етіп, 40%-ын экспортқа шығарады.