Описание слайда:
Біржан сал
Біржан сал, Біржан Қожағұлұлы – әнші, композитор, ақын. Ол 1834 ж. Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданында дүниеге келіп, 1897 ж. алпыс үш жасында туған жерінде қайтыс болған. Бозбала кезінен әнші-ақындардың қасына еріп той-думанның сәніне айналады. Шөже, Салғара, Толыбай, Орынбай, Нүркей, Сегізсері, Арыстан тәрізді өнер иелері – Біржан салдың ұстаздары. 1865 ж. Абаймен кездесуі Біржан салдың композиторлық, әншілік, ақындық өнерінің дами түсуіне үлкен әсер етеді. Біржан сал қазақтың дәстүрлі әншілік өнерін, халық музыкасын жаңа белеске көтеріп, өз ән-өлеңдерімен толықтырған ірі тұлға. Жаяу Мұса, Басықараның Қанапиясы, Құлтума, Ақан сері, Балуан Шолақ, Ғазиз, Естай, Үкілі Ыбырай, Жарылғапберді, т.б. арқаның атақты ақын-әншілері – Біржан салдың мектебінен өнеге алып, оның композиторлық өнерін жалғастырып, ілгерілеуіне мол үлес қосқан өнерпаздар. Осындай өнер майталмандары арқылы біздің заманға Біржан салдың алпысқа жуық әндері жеткен. Оның әндері нәзік сезімді, сұлулықты жырлаған сыршылдығымен қоса («Ғашығым», «Қаламқас», «Ләйлім шырақ», «Айтбай», «Ақтентек», т.б.), әлеуметтік мән-мазмұнымен де («Жанбота», «Адасқақ», «Көлбай – Жанбай», «Шідер», т.б.) құнды. Сара ақынмен айтысы оны дарынды, суырыпсалма ақын ретінде дүйім елге танытты. Біржан салдың ақындық өнерінің өріс ашып, өрби түсуіне Сара, Әсет, Доскей, т.б. қатарлы тұтас бір сала буын игі әсерін тигізген.